Атыраудағы төрт адам өлімі: жәбірленуші тарап сотталушыдан 70 млн теңге өндіруді талап етті

Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев азаматтық талапты мойындайтынын мәлімдеді

Атыраудағы төрт адам өлімі: жәбірленуші тарап сотталушыдан 70 млн теңге өндіруді талап етті
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Атырауда төрт адамның өліміне қатысты айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

18 маусым күні өткен сот отырысында жәбірленуші тараптың азаматтық талап арызы қаралды. Сотта қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова сотталушыдан 70 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық шығын өндіруді сұрады.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, бұл талап жақын адамынан айырылған отбасының көрген азабы мен келтірілген шығындарын өтеу мақсатында қойылған.

Сот барысында Сұлтан Сәрсемәлиев азаматтық талапты мойындайтынын мәлімдеді. Алайда ол сұралған қаражатты толық көлемде өтей алатынына кепілдік бере алмайтынын айтты.

«Талап арызды қабылдаймын, бірақ қайтаратыныма кепілдік бере алмаймын. Алдымда өмір бойы түрме күтіп тұр», – деді сотталушы.

Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиевке бірнеше адамның өліміне қатысты ауыр айыптар тағылған. Қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, сот процесі көпшіліктің назарында тұр.

Қазіргі уақытта сот отырыстары жалғасып жатыр. Алдағы тыңдауларда куәлардың жауабы, сараптама қорытындылары мен іс бойынша өзге де дәлелдер зерттелмек.

Соттың түпкілікті шешімі барлық дәлелдер мен тараптардың ұстанымы жан-жақты қаралғаннан кейін шығарылады.