Енді тұрғын үй төлемдерін жалға берілетін тұрғын үйді кейін сатып алу құқығымен жалдауға және үлестік құрылысқа қатысу жарналарын төлеуге де пайдалануға болады
Қазақстанда әскери қызметкерлерге, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне берілетін тұрғын үй төлемдерін пайдалану тәртібі кеңейтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа өзгерістер «Күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында қабылданған. Құжат 2026 жылғы 15 сәуірден бастап күшіне енді.
Енді тұрғын үй төлемдерін тек баспана сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге немесе тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінде қаражат жинауға ғана емес, жалға берілетін тұрғын үйді кейін сатып алу құқығымен жалдауға және үлестік құрылысқа қатысу жарналарын төлеуге де пайдалануға болады.
Сонымен қатар бұрын қолданыста болған бірқатар шектеу алынып тасталды. Атап айтқанда, тұрғын үй төлемдерін жалға берілетін баспанаға пайдалану мерзіміне қойылған шектеу жойылды. Бұдан бөлек, жалдау шартын міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізу талабы алынып тасталды.
Сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу кезінде жақын туыстармен мәміле жасауға қатысты тыйым күшін жойды. Бұрын тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу кезінде баспананың 90 шаршы метріне дейінгі аумағына байланысты қолданылған шектеу де алынып тасталған.
Үкіметтің мәліметінше, жаңартылған қағидалар әскери қызметкерлер мен күштік құрылым қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Дегенмен тұрғын үй төлемдерін алушылар жыл сайын 25 қаңтарға дейін төлем алатын мекемеге отбасы мүшелерінің атына тіркелген жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама мен арнайы есепшот бойынша банктік анықтама тапсыруға міндетті.