Михаил Шайдоровқа Олимпиада чемпионы атанғаны үшін 250 мың доллардан аса сыйақы берілді

Жалпы алғанда, 2 спортшы мен 5 жаттықтырушы ақшалай сыйақы алды

Михаил Шайдоровқа Олимпиада чемпионы атанғаны үшін 250 мың доллардан аса сыйақы берілді
Фото: Сәли Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Туризм және спорт министрлігі қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері мен жаттықтырушыларға 250 миллион теңгеден астам сыйақы төленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан Республикасы Үкіметі 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров (мәнерлеп сырғанау) пен үздік алтылыққа енген Надежда Морозоваға (конькимен жүгіру) ақшалай сыйақы беру туралы қаулы қабылдады.

Қаулыға сәйкес, Үкімет резервінен спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына төлемдер бөлінді. Жалпы алғанда, 2 спортшы мен 5 жаттықтырушы ақшалай сыйақы алды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Михаил Шайдоровқа 250 000 АҚШ доллары, Надежда Морозоваға 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақшалай сыйақы қарастырылған.

«Ақшалай сыйақы жүлдегер спортшылардың алғашқы, жеке және бас жаттықтырушыларына төленді. Сонымен қатар Олимпиада жүлдегерлеріне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдіктер спортшыларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер береді», – делінген министрліктің хабарламасында.