«Дәрігер үшін адам өмірінен асқан құндылық жоқ»: маңғыстаулық маман мемлекеттік марапатқа ие болды

Дәрігер үшін адам өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ

«Дәрігер үшін адам өмірінен асқан құндылық жоқ»: маңғыстаулық маман мемлекеттік марапатқа ие болды
Фото: Ақорда

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының белгілі дәрігері, жоғары санатты акушер-гинеколог Жапырақ Епеноваға «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жапырақ Епенова 1966 жылы 12 қыркүйекте Маңғыстау облысы Қарақия ауданының Жетібай ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын акушер-гинеколог дәрігер ретінде бастады.

36 жылдан астам уақытын денсаулық сақтау саласына арнаған маман Маңғыстау өңірінде ана мен бала денсаулығын қорғау ісіне елеулі үлес қосып келеді. Әр жылдары перинаталдық орталықта бөлім меңгерушісі, емдеу ісі жөніндегі басшы орынбасары қызметтерін атқарып, өңірдегі акушерлік-гинекологиялық қызметтің дамуына еңбек сіңірді.

Ол «Акушер-гинекология» және «Денсаулық сақтауды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша жоғары біліктілік санатына ие. Осыған дейін «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» марапаттарымен және «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік төсбелгісімен наградталған.

Марапатқа қатысты Жапырақ Епенова өз әсерімен бөлісті.

«Ақорда төрінде мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағын алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – тек менің ғана емес, ұзақ жылдар бойы иық тіресе еңбек еткен әріптестерімнің, ұстаздарымның және медицина саласындағы барша мамандардың еңбегіне берілген баға деп білемін. Дәрігер үшін адам өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан бұл марапат мені одан әрі жауапкершілікпен еңбек етуге жігерлендіреді. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында көрсетілген осындай құрмет үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Жапырақ Епенова.

Еске салсақ, бүгін Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина саласына еңбек сіңірген мамандарды марапаттады.