Қазақстандағы киік саны рекордты деңгейге жетті: 4,7 млн-ға жуықтады

7-25 сәуір аралығында көктемгі әуе санағы жүргізілді

Қазақстандағы киік саны рекордты деңгейге жетті: 4,7 млн-ға жуықтады
Фото: istockphoto.com

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) мәліметінше, елдегі киік саны 4 млн 689 мың басқа жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,9%-ға көп. Әсіресе Маңғыстау облысындағы Үстірт популяциясында өсім айтарлықтай байқалады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

7-25 сәуір аралығында жүргізілген көктемгі әуе санағы сирек кездесетін киік санының республика бойынша әлі де артып келе жатқанын көрсетті.

Қорытындысына сәйкес, ең ірі популяция – Орал популяциясы. Ондағы киік саны шамамен 2,7 миллион басқа жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,4%-ға жоғары көрсеткіш.

Ең жоғары өсім Үстірт популяциясында тіркелді. Мұнда киік саны шамамен 119 мың басқа жетіп, 2025 жылмен салыстырғанда 52,6%-ға артқан. Бұл популяция Маңғыстау облысы үшін ерекше маңызға ие.

Бетпақдала популяциясы да өсімін сақтап, шамамен 1,87 миллион басқа жетті. Өсім деңгейі – 16,9%.

Мамандардың айтуынша, Орал мен Бетпақдала популяцияларындағы өсім қарқыны жануарлар санын реттеу жұмысына байланысты біршама баяулаған. Осы шаралар аясында 196 173 киік іріктеп алынған. Дегенмен бұл жұмыс киік санын азайтуға емес, популяцияның шамадан тыс көбеюін тежеуге бағытталған.

Сонымен қатар 2025-2026 жылдардағы қақаған қыс пен жұт салдарынан жануарлар арасындағы өлім-жітім деңгейінің артуы да әсер еткен.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі әуе санағы барлық жануарды түгел есептеу әдісі емес екенін атап өтті. Бұл тәсіл ғылыми есептеулер мен статистикалық бағалауға негізделген. Соған қарамастан, ол киік санының өзгеру үрдісін сенімді бақылауға және популяцияны сақтау мен басқару жөніндегі шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

Есепке алу жұмысын Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырмасымен «Охотзоопром» РМҚК ұйымдастырды. Ал ғылыми сүйемелдеу жұмыстарын Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы жүргізді.