СҚО-да дроппер болған бес еркек қазақстандықтардың ақшасын шетел асырып жіберген

Полиция күдіктілерді 2025 жылдың шілде айында ұстаған, олардың 31 іске қатысы болған

СҚО-да дроппер болған бес еркек қазақстандықтардың ақшасын шетел асырып жіберген
Фото: ҚР ІІМ

Солтүстік Қазақстан облысында сот интернет-алаяқтықтың ауқымды схемасына қатысы бар бес «дроп-менеджерге» үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция күдіктілерді 2025 жылдың шілде айында ұстаған. Тергеу барысында олардың 31 алаяқтық эпизодқа қатысы бар екені анықталды. Сотталғандардың жасы – 20 мен 25 жас аралығында.

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схема шетелде жүрген күдіктілердің қатысуымен жүзеге асқан.

«Шетелде жүрген алаяқтар Қазақстан азаматтарына ұялы байланыс операторларының, банктердің және басқа да ұйымдардың қызметкері ретінде қоңырау шалған. Әртүрлі сылтаулармен олар азаматтарды SMS-хабарламалардағы кодтарды айтуға көндірген. Кейін схеманың басқа қатысушылары жәбірленушілерді алдап, олардың ақшасы «қауіп төнді» деп сендірген. Сенімге кіріп алған соң, олар азаматтарды кредит рәсімдеуге және қаражатты «қауіпсіз» шоттарға аударуға мәжбүрлеген», – делінген хабарламада.

Аталған шоттар «дроптар» деп аталатын тұлғаларға тиесілі болған. Осы шоттар арқылы қаражат тізбектеле отырып шетелге шығарылған. Схеманы Солтүстік Қазақстан облысының бес тұрғыны ұйымдастырып, әр транзакциядан пайыз алып отырған.

Сот барлық бес айыпталушыны кінәлі деп танып, оларды 2 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сонымен қатар жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды. Сотталғандар келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді, бір жағдайда – 22,8 млн теңге.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмысқа мүлдем төзбеушілік, құқықтық тетіктерді нығайту және заң үстемдігіне негізделген қоғам қалыптастыруға бағытталған негізгі саяси қағидаты.