Маңғыстау облысында ондаған адамды қарақұрт шағып алды

Өрмекші шаққан жағдайда дереу жақын маңдағы медициналық мекемеге жүгіну қажет

Маңғыстау облысында ондаған адамды қарақұрт шағып алды
Фото pixabay.com

Маңғыстау облысында қарақұрттың белсенді кезеңі басталғалы бері шағу фактілері бойынша ондаған адам дәрігер көмегіне жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Өңірлік Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде улы өрмекші шаққан 23 жағдай тіркелген. Зардап шеккендердің ең көп саны мына аудандарда анықталған:

  • Маңғыстау ауданы – 7 адам,
  • Бейнеу ауданы – 6 адам,
  • Мұнайлы ауданы – 6 адам,
  • Қарақия ауданы – 2 адам,
  • Ақтау – 1 адам,
  • Жаңаөзен – 1 адам.

Түпқараған ауданында тіркелмеген.

«Жергілікті тұрғындар мен қонақтарды табиғат аясында демалу және дала жұмысын жүргізу кезінде сақтық шараларын сақтауға шақырамын. Өрмекші шаққан жағдайда дереу жақын маңдағы медициналық мекемеге жүгіну қажет. Арнайы сарысуды уақтылы енгізу ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Өз бетінше емделуге болмайды», – деді өңірлік Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаев.