Сарбаздардың мәзіріне киік еті қосыла ма – Қорғаныс министрлігі жауап берді
Сарбаздардың тамақтану нормасында консервілер қарастырылмаған
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков әскердегі құрғақ азық-түлік құрамына киік етінен жасалған консервілерді енгізу мәселесі қарастырылмайтыны айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс кулуарында журналистер министрдің орынбасарынан осыған дейін қоғамда талқыланған киік етін сарбаздардың мәзіріне қосу бастамасы туралы сұрады.
«Қазіргі таңда солдаттардың тамақтану нормасында консерві жоқ. Ол жерде кәдімгі ет тағамдары қарастырылған. Бұл мәселе қазіргі таңда қаралып отырған жоқ», – деді Асқар Мұстабеков.
Сондай-ақ журналистер одан жалпы киік етін тұтынуға қатысты пікірін сұрады.
«Өзім дәмін көрген жоқпын. Сондықтан оны білмеймін», – деп жауап берді ол.
Оның айтуынша, әскери қызметшілерге арналған құрғақ азық-түлік рационы арнайы бекітілген нормаларға сәйкес қалыптастырылады.
Мұстабеков киік етінен жасалған консервілерді құрғақ азық-түлік құрамына енгізу жоспары бар ма деген сұраққа «жоқ» деп қысқа қайырды.