Тоқаевтың Ташкенттегі келісімі: Қазақстан мен Өзбекстан трансшекаралық суларды бірлесіп басқарады
Мәжіліс екі ел арасындағы жаңа келісімді ратификациялады
Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжатқа 2025 жылғы 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында қол қойылған.
Келісімнің мақсаты – трансшекаралық су объектілерін тиімді бірлесіп басқаруды қамтамасыз ету, су ресурстарын ұтымды пайдалану және мемлекетаралық маңызы бар су шаруашылығы нысандарын қауіпсіз пайдалануды жолға қою.
Құжат аясында трансшекаралық су объектілері мен мемлекетаралық пайдаланылатын су шаруашылығы құрылыстарын басқару мәселелерімен айналысатын Қазақстан-Өзбекстан үкіметаралық комиссиясы құрылады. Комиссия су саласындағы ынтымақтастық бойынша екі елдің өзара іс-қимылын үйлестіретін болады.
Келісімді ратификациялау су ресурстарын басқару саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, суды бөлуге қатысты ықтимал келіспеушіліктердің алдын алуға және Қазақстан мен Өзбекстанның су шаруашылығы кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.