Жүздеген келі есірткі, 11 тоннадан астам прекурсор: Қазақстанда жыл басынан бері 1,5 мың қылмыс анықталды

Автор: Асыл Арман

125 мыңға жуық шетелдік төлем картасы бұғатталды, сондай-ақ 20 мың криптоәмиян тексеріліп жатыр

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтілген режимде жалғасуда. Биылғы жылдың алғашқы бес айында үш мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, шамамен 1,5 мың есірткі қылмысы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметіне сүйенер болсақ, тағы алты ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде бір трансұлттық топтың қызметі тоқтатылды. Синтетикалық есірткі өндіретін 12 зертхана және 42 фитозертхана жойылды. 12 мыңға жуық заңсыз онлайн-ресурс бұғаттауға жіберілді. Ұлттық банкпен бірлесіп, есірткі бизнесіне қатысты қаржылық операцияларға тосқауыл қойылып отыр.

Нәтижесінде 107 миллион теңгеден астам күмәнді қаржы аударымы тоқтатылды. 125 мыңға жуық шетелдік төлем картасы бұғатталды. Сондай-ақ 20 мың криптоәмиян тексеріліп жатыр. Үлкен қауіптің бірі – синтетикалық есірткілер. Заңсыз айналымнан 466 килограмм синтетикалық есірткі және 11 тоннадан астам прекурсор тәркіленді.

«Алдын алу жұмысы да жалғасып жатыр. Жыл басынан бері мектептер мен жоғары оқу орындарында 6,5 мыңнан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізілді. Сегіз мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. Халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. Қазақстан шетелдік әріптестерімен бірлесіп, трансұлттық есірткі қылмысына тосқауыл қоюда. Қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, азаматтардың денсаулығын қорғау және жас ұрпақтың болашағын сақтау мақсатында есірткі қылмысына қарсы кешенді жұмыс жалғасатын болады», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.