Жеке мәліметтерді сатқан: Қазақстан мен Чехия бірлесіп, қылмыстық топты қолға түсірді (ВИДЕО)
Заңсыз тапқан миллиондаған қаражатты дроп-аккаунттар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған
Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және қадағалау органымен, сондай-ақ Чехия Республикасының полициясымен бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық қылмыскерлерді қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, жедел-іздестіру жұмысы, мұқият жоспарлау және құқық қорғау органдарының үйлестірілген іс-қимылдарының нәтижесінде халықаралық деңгейде әрекет еткен қылмыстық топтың қызметі әшкереленіп, жолы кесілді. Сонымен қатар қылмыстық іс бойынша күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша, яғни Чехия Республикасының Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жүргізілді.
«Тергеу әрекеттері барысында заңсыз қызметтің дәлелдерін қамтитын көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар, сондай-ақ қолма-қол ақша тәркіленді», – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай
ІІМ мәліметінше, қылмыстық әрекеттерді жасау үшін күдіктілер Қазақстан және көршілес мемлекеттердің азаматтарына қатысты жеке деректер орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған. Топ ішінде нақты иерархиялық құрылым болған: әрбір қатысушы өзіне жүктелген міндетті атқарған. Олар қылмыстық схеманы үйлестірушілерден бастап, жеке деректерді заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдап, өңдейтін операторларға дейінгі қызметтерді орындаған.
Заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп-аккаунттар пайдаланылған.
«Әртүрлі заңсыз қызмет түрлеріне, оның ішінде бір реттік сұраныстар мен ресурсқа абоненттік қолжетімділікке арналған арнайы баға тізімі белгіленген. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимылды, жеке деректерді заңсыз таратудың арналары мен көздерін анықтап, жоюды, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы кешенді шараларды одан әрі жалғастырады», – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.