Оқиға 15 маусым күні күндізгі уақытта болды
Ақтауда газ баллоны орнатылған жеңіл көлік жүріп бара жатып, өртеніп кетті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 15 маусым күні күндізгі уақытта болды. Өрт шамамен сағат 16:47-де 30-шағынауданда «Олжа» сауда орталығының қарсы бетінде болған.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жүріп бара жатқан Chevrolet Aveo (2014 жылғы) маркалы автокөлік толықтай жанып кеткен.
Көлік ішінде көлемі 60 литрлік газ баллоны орнатылғаны белгілі, бұл төтенше жағдайдың ушығу қаупін арттырған. Алайда өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында ауыр салдардың алдын алу мүмкін болған.
Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына ТЖД күштері жіберілді: 8 қызметкер мен 2 техника бірлігі тартылған. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.