Әлем кубогі: Қазақстан құрамасының тағы екі боксшысы жарысты аяқтады

Қытайда өтіп жатқан Әлем кубогі кезеңінде Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі жарысты мерзімінен бұрын аяқтады

Әлем кубогі: Қазақстан құрамасының тағы екі боксшысы жарысты аяқтады
Фото: ҚР ҰОК

Қытайда өтіп жатқан World Boxing-2026 Әлем кубогінің екінші кезеңіндегі жарыстың екінші күні Қазақстан құрамасы сапынан алты боксшы шаршы алаңға шықты. Олардың төртеуі келесі кезеңге жолдама алса, тағы екі спортшы турнирмен қоштасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Санатали Төлтаев 1/8 финалға өтті. Оның әзербайжандық қарсыласы Малик Хасанов жарақатына байланысты екінші раундтан кейін жекпе-жекті жалғастыра алмады. Келесі кезеңде қазақстандық боксшы ағылшын Патрис Мугалзаймен кездеседі.

75 келіге дейінгі салмақтағы Тимур Нұрсейітов ширек финалға жолдама алды. Ол тартысты өткен кездесуде ирландиялық Тадхг О’Доннеллді төрешілердің екіге бөлінген шешімімен жеңді. Жартылай финал жолдамасын қазақстандық боксшы болгариялық Рами Киванмен сарапқа салады.

Назым Қызайбай (54 келі) мен Лаура Есенгелді (70 келі) де сенімді жеңіске жетті. Қызайбай 1/8 финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, оңтүстіккореялық Им Э Джиді айқын басымдықпен жеңсе, Есенгелді испаниялық Дуния Мартинес Мастан басым түсті. Енді ширек финалда Назым польяк боксшысы Виктория Рогалинскамен, ал Лаура қытайлық Лю Янмен қолғап түйістіреді.

Ал Тимур Қабдешов (55 келі) пен Нұрбек Оралбай (90 келі) жүлде үшін күресті жалғастыра алмады. Қабдешов 1/16 финалда бразилиялық Келви Триндадудан жеңілсе, Оралбай ширек финалда Өзбекстан өкілі, 2025 жылғы әлем чемпионы Турабек Хабибуллаевқа төрешілердің екіге бөлінген шешімімен есе жіберді.

Осылайша турнирдің екі күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы үш боксшысынан айырылды. Бұған дейін жарысты 2025 жылғы әлем чемпионы Наталья Богданова (75 келі) аяқтаған болатын.

Айта кетейік, World Boxing-2026 Әлем кубогының екінші кезеңі Қытайдың Гуйян қаласында 15-21 маусым аралығында өтіп жатыр. Жарысқа 44 елден келген 333 спортшы қатысуда. Барлығы 20 жүлде жиынтығы сарапқа салынады: оның оны ерлер арасында, оны әйелдер арасында ойнатылады. Қазақстан құрамасының сапында 17 боксшы бар.