Бұл мәселеге қатысты Жол жүрісі қағидаларына ешқандай өзгерістер енгізілмеген
Әлеуметтік желіде биыл 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің ауласында көлік қоюға тыйым салатын нормалар енгізілетіні туралы ақпарат таралып жатыр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, бұл мәселеге қатысты Жол жүрісі қағидаларына ешқандай өзгерістер енгізілмеген, яғни көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады.
Сонымен қатар көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға және сонда тоқтауға тыйым салу жөніндегі Жол жүрісі қағидаларының нормалары қолданыста бар.
«Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушылардың барлығын Жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият әрі сақ болуға, өзара құрмет пен жауапкершілік танытуға шақырады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың қылығын назарда ұстап, көшеде қауіпсіздік ережелерін үнемі ескертіп, сондай-ақ жолдың көлік жүретін бөлігінде, денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін өзге де орындарда ойнауға болмайтынын түсіндіру керек. Тек бірлесіп қана біз жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын аламыз», – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.