Балалар үйінің тәрбиеленушілері Астанадағы жаңа теміржол музейіне барды

ҚТЖ еріктілері  «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының» 20-дан астам тәрбиеленушісіне ұмытылмас саяхат ұйымдастырды

Балалар үйінің тәрбиеленушілері Астанадағы жаңа теміржол музейіне барды
Фото: ҚТЖ

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы игі дәстүрді жалғастырып, елордада ауқымды қайырымдылық шарасын өткізді. ҚТЖ еріктілері Қарағанды облысы Осакаров ауданының «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының» 20-дан астам тәрбиеленушісіне Астана қаласына ұмытылмас саяхат ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағандылық балалар елордада жаңадан ашылған «Жібек жолынан – болат магистральдарға дейін» атты Қазақстан теміржолдарының тарихы мұражайының алғашқы қонақтарының бірі болды. Жалпы ауданы 3200 шаршы метрді құрайтын бұл ультразаманауи мәдени-білім беру кешені жетім және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалар үшін бірегей интерактивті кәсіптік бағыт-бағдар беру алаңына айналды.

Музей қорындағы 4 тақырыптық залға бөлінген 250-ден астам бірегей жәдігер балалардың қызығушылығын тудырды. Мұндағы тарихи жәдігерлер заманауи цифрлық технологиялармен, мультимедиялық экрандармен, AR және VR шешімдерімен үйлесім тапқан.

Экскурсия барысында балалар елдің көлік желісін дамытуда үлкен рөл атқарған ЧМЭ3 және 2ТЭМ10 сериялы маневрлік тепловоздарды, ВЛ80 жүк электровозын, ТЭП70 жолаушылар тепловозын жақыннан көрді. Сондай-ақ жаңа буынның CR200J жолаушылар вагонының ішкі құрылысы мен инновациялық ерекшеліктерін өз көздерімен бағалады.

Балалар үшін бағдарламаның ең қызықты әрі әсерлі бөлігі – кәсіби симулятормен жұмыс істеу сәті болды. Тәжірибелі экскурсовод жас қонақтарға заманауи тренажердің жұмыс істеу принципін көрсетіп, оларға нақты жағдайға барынша жақындатылған басқару жүйесі арқылы алып пойызды жүргізіп көруге мүмкіндік берді. Әр бала өзін нағыз машинист ретінде сезініп, ерекше әсер алды.

Осакаров ауданынан келген балаларды бастап келген тәрбиеші «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы мен ұжымына шексіз алғысын білдірді. Оның айтуынша, теміржолшылар бұл мекемеге көп жылдан бері тұрақты қолдау көрсетіп келеді.

«Мұндай сапарлар балаларға тек жарқын әрі ұмытылмас эмоциялар сыйлап қоймайды, сонымен қатар олардың әлеуметтенуіне, дүниетанымын кеңейтуге және болашақ мамандығын таңдауына орасан зор үлес қосады. Теміржолшылардың көпжылдық жүйелі қамқорлығы балаларымыздың болашаққа сеніммен қарауына және жаңа өмірлік перспективаларды ашуына көмектеседі», — деп атап өтті тәрбиеші Эльвин Рамизович Алиев.

Кездесу соңында ҚТЖ еріктілері орталық тәрбиеленушілеріне жеміс-жидектер мен тәтті сыйлықтар үлестіріп, бұл күнді балалар үшін нағыз мерекеге айналдырды.

Еске сала кетейік, күні кеше елордада Қазақстан темір жолдары тарихының музейі ашылған еді.