Елордада Қазақстан темір жолдарының тарихы музейі ашылды

Жаңа мұражайдың жалпы ауданы 3200 шаршы метр

Елордада Қазақстан темір жолдарының тарихы музейі ашылды
Фото: ҚТЖ

Астанадағы заманауи вокзал кешенінің аумағында бірегей мәдени және технологиялық нысан пайда болды. «Нұрлы жол» вокзалында «Жібек жолынан – болат магистральдарға дейін» атты Қазақстан теміржолдарының тарихы мұражайы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚТЖ таратқан мәліметке сәйкес, жаңа мұражайдың жалпы ауданы 3200 шаршы метрді құрайды. Мұнда келушілер теміржол саласының өткені мен бүгінін тамашалай алатын төрт арнайы зал ұйымдастырылған.

Музей экспозициясы бірнеше тақырыптық орынға бөлінген. Олардың қатарында «Түрксіб және Мұхамеджан Тынышбаев», «Локомотивтер эволюциясы», «Мамандықтар мен инновациялар» және «Қазақстан теміржолының тарихы» бөлімдері бар. Бұл тақырыптық орындар келушілерге отандық теміржол саласының қалыптасуы мен дамуын жан-жақты таныстыруға арналған.

Мұражайдың басты ерекшелігі – мұнда тарихи материалдар мен заманауи цифрлық технологиялар шебер үйлестірілген. Экспозиция залына интерактивті панельдер, мультимедиялық экрандар, AR және VR шешімдері, сондай-ақ арнайы симуляторлар орнатылған. Нысан болашақта көлік, инженерия, өнеркәсіп және заманауи технологияларға арналған уақытша көрмелер алаңына айналмақ.

Мұражайдың ашық аспан астындағы және ішкі қорында бірегей пойыз құрамдары мен локомотивтердің түпнұсқалары қойылған. Олардың арасында жаңа буынның CR200J жолаушылар вагоны бар. Келушілер бұл вагонның ішіне кіріп, заманауи техникалық шешімдерімен таныса алады.

Мұражайдың ең құнды экспонаттарының қатарында ел теміржолының дамуына зор үлес қосқан ЧМЭ3 және 2ТЭМ10 сериялы маневрлік тепловоздары, ВЛ80 жүк электровозы және ТЭП70 жолаушылар тепловозы бар. Келушілерге бұл алып техникалардың құрылысын көріп қана қоймай, кабиналарына көтерілуге де рұқсат берілген.

Жалпы алғанда, музей қорында 250-ден астам жәдігер жинақталған. Олардың ішінде көне теміржол шамдары, сигналдық элементтер, рельс инфрақұрылымының бөлшектері, жұмыс құралдары, архивтік құжаттар, әр жылдардағы техникалық құрылғылар мен ведомстволық наградалар бар.

Музейдің алғашқы қонақтары үшін танымдық экскурсияны кәсіби гидтермен бірге ҚТЖ Жастар кадрлық резервінің мүшесі, Астана локомотив пайдалану депосының машинист-нұсқаушысы Жігер Сейітов жүргізді.

Ол жиналғандарға машинистің арнайы симуляторы қалай жұмыс істейтінін көрсетіп, нақты жағдайға барынша жақындатылған басқару жүйесінің құпияларымен бөлісті.

Мұражай аумағында мәдени және білім беру іс-шараларын өткізуге арналған вагон-мейрамхана және «Нұрлы жол» вокзалының пойыздар кестесін көрсетіп тұратын ақпараттық кестесі бар жайлы дәмхана жұмыс істейді.