Көкшетауда саябақты өртемек болған шетелдік жансақтау бөліміне түсті

Автор: Дәулет Ботагөз

1988 жылы туған науқастың денесінің 95 пайызын күйік шалған

Фото: © istockphoto.com

Көкшетау қаласының орталық саябағында төтенше жағдай болды. Мүлікті өртемек болған ер адамның өзі отқа оранып, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілерде Абылай хан алаңында, мемлекеттік мекемелер ғимаратының жанында болған өрттің видеосы тарады. Кадрлардан зардап шеккен адамның жанұшыра айқайлаған дауысы естіледі.

Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 12 маусымға қараған түні болған. Мас болған шетел мемлекетінің азаматы саябақ мүлкін өртеуге әрекеттенген. Алайда абайсызда өзі лаулаған оттың ортасында қалып, ауыр жарақат алды.

Оқиға орнына бірінші болып жеткен тәртіп сақшылары жалынды өшіріп, жедел жәрдем қызметі келгенге дейін ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Қазіргі уақытта күдікті Ақмола көппрофильді облыстық ауруханасында жатыр. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресуде.

«1988 жылы туған науқастың денесінің 95 пайызын күйік шалған. Ол қазір жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр. Емдеу шаралары комбустиолог-мамандармен бірлесе отырып жүргізілуде», — деп хабарлады облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бұл азамат оқиғадан бір күн бұрын ғана қоғамдық орында мас болып жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның бұған дейін де бірнеше рет қоғамдық тәртіпті бұзғаны белгілі болды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.