Павлодарда жедел жәрдем қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған ер адам жындыханаға түсті
Оқыс оқиға 10 маусым күні күндізгі уақытта болған
Павлодарда жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасаған ер адам арнайы емдеу мекемесіне жатқызылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Pavon.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, оған қорқыту немесе күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға туралы облыстық жедел жәрдем станциясы мәлім етті. Жағдай 10 маусым күні күндіз Назарбаев көшесі, 89-үйдің ауласында болған.
«Сағат 14:57-де жедел жәрдем пультіне көшеде белгісіз ер адамның жатқаны туралы өтіп бара жатқан тұрғындардың бірі хабарлаған. Бригада оқиға орнына 9 минутта жетті. Медицина қызметкерлері ер адамға көмек көрсетуге әрекеттенген кезде ол агрессия танытып, бригада мүшелеріне пышақпен қоқан-лоқы жасап, оларға тап берген. Белгісіз азамат жүргізушіні жұдырықпен ұрып, кейін реанимобиль салонына кіріп, ойран салған. Ол дәрі-дәрмек салынған ампулаларды сындырып, медициналық жабдықтарды көліктен сыртқа лақтырып жіберген», – деп хабарлады 103 қызметі.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды. Зардап шеккен медицина қызметкерлері құқық қорғау органдарына арыз жазған. Бұл жағдайға облыстық полиция департаменті де пікір білдірді.
«Полиция жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты қорқыту немесе күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ер адам ұсталып, арнайы емдеу мекемесіне орналастырылды», – деп хабарлады тәртіп сақшылары.