Қазіргі уақытта қазақстандықтар шамамен 750 түрлі қару мен 4 мыңға жуық оқ-дәріні ерікті түрде тапсырды
Қазақстанда соңғы бес айда қылмыстық айналымнан 1200-ден астам қару, соның ішінде автоматтар мен гранатаатқыштар тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тәркіленген қару-жарақ ішінде 18 автомат; екі гранатаатқыш; 320-дан астам тапанша; 100-ден астам ойық ұңғылы қару; 700 тегіс ұңғылы мылтық; қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған 120 қару да бар.
Ведомство дерегіне сүйенсек, биыл мамыр айында Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелмеген бірқатар қару тәркіленді. Олардың арасында қаңтар оқиғасы кезінде оңтүстік мегаполистегі қару дүкендерінен ұрланған қарулар да анықталды.
Сонымен қатар 20 сәуірден бастап жыл соңына дейін халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы жүргізіліп жатыр.
«Бүгінгі күні азаматтар шамамен 750 түрлі қару мен 4 мыңға жуық оқ-дәріні ерікті түрде тапсырды. Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады. Азаматтарды сақтауға заңды негіз жоқ қаруды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуға шақырамыз», – деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.