Кейінгі төрт жылда салық дауларының жартысынан көбі бизнес пайдасына шешілген – ЖАП

Автор: Темірхан Айжан

Өндіріс, импорт және нақты тұтыну нарығы арасындағы алшақтық жыл санап өсіп жатыр

Фото: istockphoto.com

Елде салықты әкімшілендіру ісі әлі де ақсап тұр. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, кейінгі төрт жылда салыққа қатысты сот процестері күрт көбейген. Алайда, дауланған соманың тең жартысынан астамында сот кәсіпкерлерді қолдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Соңғы 4 жылда шағымданған соманың жартысынан көбі салық төлеушілердің пайдасына шешілді. Көлеңкелі экономикаға және жекелеген тауар нарықтарының жеткілікті деңгейде ашық болмауына байланысты тәуекелдер сақталып отыр», – деді палата төрағасы.

Смайылов бюджеттің бүйірін толтыруға көлеңкелі экономика мен нарықтағы ашықтықтың жоқтығы кедергі екенін жеткізді. Оның сөзінше, цифрлық бақылау мен таңбалау жүйесі де күткен нәтижені көрсетпей отыр. Өндіріс, импорт және нақты тұтыну нарығы арасындағы алшақтық жыл санап өсіп жатыр, бұл өз кезегінде бюджетке түсетін кірістерді шектеп отыр.