«Қатаң ескерту»: Астана әкімдігі мектеп бітіру кешіне байланысты шұғыл үндеу жасады

Астана әкімдігі ата-аналар мен түлектерге ескерту жасады

«Қатаң ескерту»: Астана әкімдігі мектеп бітіру кешіне байланысты шұғыл үндеу жасады
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Астана әкімдігі қаладағы білім беру ұйымдарында 18 маусым күні жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтетінін, осыған байланысты ата-аналар мен түлектер мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет екені жөнінде шұғыл үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала әкімдігінің мәліметінше, түлектердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға, таңды қарсы алу шараларын өткізуге, сондай-ақ қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға жол берілмейді.

Сол сияқты аттестат тапсыру рәсімін ұйымдастыру мен өткізу кезінде ата-аналарға, заңды өкілдерге немесе оқушыларға ақша, сыйлық, түрлі жарналар мен өзге де материалдық заттар жинауға қатаң тыйым салынатыны ескертілді.

«Мектеп бітіру кешінің басты құндылығы – қымбат мейрамхана мен мерекелік дастарқан емес. Оның шынайы мәні – ұстаздарға алғыс білдіру, мектеппен қоштасу, сыныптастармен ерекше естеліктерді бөлісу және болашаққа сеніммен қадам басу. Ата-аналар мен түлектерді осы айтулы күнді жоғары мәдени деңгейде өткізуге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өзара жауапкершілік танытуға шақырамыз», – делінген Астана әкімдігінің үндеуінде.