Өзбекстанда газ құю бекетінде жойқын жарылыс болып, алты адам тірідей жанып кетті
Оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін Өзбекстан үкіметі арнайы комиссия құрды
Өзбекстанның Қашқадария облысында газ құю бекетінде болған жойқын жарылыстан алты адам көз жұмып, тағы бес адам жарақат алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Gazeta.uz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 8 маусым күні Қаршы ауданындағы сұйытылған газбен тұрмыстық баллондарды толтыру пунктінің аумағында болған. Жергілікті биліктің мәліметінше, оқиға орнына жедел түрде құтқару қызметтері жұмылдырылған. Өрт сағат 14:05 шамасында оқшауланып, кейін толықтай сөндірілді.
Жарылыс салдарынан екі Cobalt жеңіл автокөлігі, газ тасымалдайтын көлік және жер астындағы жанармай резервуарлары зақымданған.
Оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін Өзбекстан үкіметі арнайы комиссия құрды. Комиссия зардап шеккендерге көмек көрсетуді, апат салдарын жоюды және мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған шараларды әзірлеумен айналысады.