Үкімет басшысы әуе және теміржол билеттерінің бағасын реттеуді тапсырды

Автор: Темірхан Айжан

Олжас Бектенов халықтың тарапынан танымал әрі шалғайдағы туристік бағыттарға көлікпен қатынаудың қиындығы туралы шағымдар келіп жатқанын айтты 

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Мемлекет басшысының жуырдағы Алматы облысына жұмыс сапары барысында туристік саланың дамуына қатысты сын-ескертпе айтқанын еске салып, өзге өңірлерде де кемшіліктердің барын атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысына барған жұмыс сапарында туристік саланың дамуын сынға алды. Президент өңірдің туристік әлеуеті мен инфрақұрылымын жедел қарқынмен дамыту қажеттігін атап өтті. Мұндай жағдай басқа облыстарда да байқалады. Сондықтан барлық әкімдіктерге туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған тиісті инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамытуды тапсырамын. Саланың жай-күйі әкімдердің тұрақты бақылауында болуға тиіс. Қазіргі таңда маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Almaty SuperSki» тау шаңғысы курорты жобасы бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұл туристер легін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары басталды. Барлығын сапалы және уақтылы жүргізуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов атағанадай, әлемдік туристік индустрияның жылдам өсіп келе жатқан бағыттарының бірі – экотуризм. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жаһандық экологиялық туризм нарығы 2034-ші жылға қарай 660 млрд АҚШ долларынан асуы мүмкін.

«Былтыр Қазақстандағы экотуристер саны 3,6 млн адамнан асты. Бізде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, сондай-ақ Алтын-Емел, Іле-Алатауы, Бурабай, Баянауыл ұлттық табиғи парктері мен басқа да керемет табиғи байлықтарымыз бар. Алайда оларды дамыту және инвесторларды тарту жұмыстарының қарқыны көңілден шықпайды. Жаңа заманауи жобалар қажет. Туризм, Экология министрліктері мен әкімдіктер бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізсін», - деді ол.

Премьер-министр биылғы жазғы туристік маусымға жеке тоқталып, тиісті тапсырмалар берді.

«Бірінші кезекте, барлық әкімдіктер мен министрліктер демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша алдын алу шараларын қабылдауға тиіс. Демалушылар үшін курорттық аймақтарды дайындау жұмыстарын ақпараттық тұрғыдан барынша белсенді түрде жариялау қажет. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі негізде жүргізу керек. Барлық жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық және мониторинг режиміне көшірілуге тиіс. Бұл жұмысқа волонтерлерді де тартқан жөн. Барлық демалыс орындарында, саябақтарда және жағажай аймақтарында әртүрлі тілдерде арнайы ақпараттық белгілер, схемалар мен бағыт-бағдар көрсеткіштері орнатылуға тиіс. Әкімдіктер демалыс орындарының меншік иелерімен бірлесіп, тазалық әрі санитариялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуі қажет. Туристердің қауіпсіз әрі жайлы демалысы осы саланың негізгі стандартына айналуға тиіс», - деді ол.

Үкімет басшысы медел үйлестіру штабына мұны ерекше бақылауға алуды тапсырды.

«Халықтың тарапынан танымал әрі шалғайдағы туристік бағыттарға көлікпен қатынаудың қиындығы туралы шағымдар келіп түсуде. Әуе және теміржол билеттерінің тапшылығы мен бағасының қолжетімділігі де алаңдаушылық туғызады. Көлік министрлігі әуе компанияларымен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, демалушылар үшін қолайлы бағамен танымал курорттық бағыттарға рейстердің және орындар санын арттыру шараларын қабылдасын», - деді ол.

Олжас Бектенов экология министрлігінің 10 облыста инвестициялық әлеуеті жоғары негізгі ұлттық парктерді айқындағанын атап өтті. Ол барлық тиісті мемлекеттік органдар басы артық бюрократиясыз, оларды тез арада жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

«Туристік маусымның нағыз қызған шағында демалушыларды орналастыру үшін орын тапшылығы қатты байқалады. Көптеген адамдар арнайы жабдықталмаған демалыс орындарын пайдалануға мәжбүр. Өңір әкімдіктері шұғыл түрде шатырлар мен автоүйлерде кемпингтік демалысқа арналған тұрақтардың немесе алаңдардың тиісті инфрақұрылымын қамтамасыз етуі қажет. Туризм саласы қарқынды дамыған елдерде демалыс сапасы көбіне жайлы қонақ үйлермен немесе әралуан туристік бағыттармен, экскурсиялық бағдарламалармен ғана емес, келушілерге күнделікті қызмет көрсететін мамандардың кәсіби деңгейімен де айқындалады. Бұл жергілікті тұрғындардың қонақжайлық қасиетіне де тікелей байланысты. Осы орайда, Туризм министрлігіне әкімдіктермен және туристік компаниялармен бірге өз жұмыстарында демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға баса назар аударуды тапсырамын», - деді премьер министр.