Қазақстанға кіруіне 5 жылға тыйым салынған: шетелдіктер ШҚО-да емін-еркін жұмыс істеп жүрген
Оларды Полиция департаментінің көші-қон қызметі анықтады
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі 50-ден астам шетел азаматын жауапқа тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Рейд барысында Үлкен Нарын ауданында уәкілетті органның тиісті рұқсатынсыз еңбек етіп жүрген сегіз шетел азаматы анықталды. Тексеру кезінде олардың екеуі бұған дейін де полицияның назарына іліккені белгілі болды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған азаматтардың Қазақстанға кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салынды. Сондай-ақ шетелдіктерді заңсыз жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне айыппұл төлеуге міндеттелді.
«Қазақстан аумағында уақытша жүрген шетел азаматтарының тиісті рұқсатсыз еңбек қызметімен айналысуына заң бойынша тыйым салынған. Сондықтан жұмыс берушілерді қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде жауапкершілік танытып, көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз», – деді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкібаев.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік тек шетел азаматтарына ғана емес, оларды заңсыз жұмысқа тартқан тұлғаларға да жүктелетінін еске салды.
Өңір аумағында құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр.