Қазақстанға келіп, қыдырған шетелдік туристер былтыр экономикаға 2,9 млрд доллар жұмсаған

Былтыр елде 13 халықаралық іс-шара өтіп, экономикаға шамамен 18 млн доллар пайда түскен

Қазақстанға келіп, қыдырған шетелдік туристер былтыр экономикаға 2,9 млрд доллар жұмсаған
Фото: istockphoto.com

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдегендей, туризм саласы ел экономикасына 5 трлн теңге қосқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Былтыр ұлттық парктерге 3,7 млн адам қыдырып келген. Туристік жүктемені тиімді басқару және табиғи экожүйелерді сақтау мақсатында 2025 жылы экотуризмнің ұлттық стандарты жаңартылды.

«Осы бағытты одан әрі дамыту үшін ұлттық парктердегі инфрақұрылымды жетілдіруді, сондай-ақ туристік соқпақтар мен маршруттарды абаттандыруды жалғастыру қажет. Экспорттық әлеуеті жоғары бағыттардың бірі – конгрестік-іскерлік туризм. Өткен жылы елімізде 13 халықаралық іс-шара өткізіліп, экономикаға шамамен 18 млн доллар көлемінде пайда әкелді. Қазақстанның халықаралық нарықтағы орнын нығайту үшін қолданыстағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою қажет. Атап айтқанда, Алматы қаласы іскерлік белсенділіктің негізгі орталығы ретінде халықаралық деңгейдегі заманауи конгресс-көрме кешеніне мұқтаж. Бұл мәселе бойынша тиісті шешім қабылдау қажет», - деді министр.

Саланың өсуіне серпін беретін перспективалы бағыттардың бірі – медициналық туризм.

«Қазақстанның басты артықшылығы – көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімді құнының үйлесуі. Өткен жылы Қазақстан шамамен 80 мың шетелдік пациентті қабылдады. Отандық 10 медициналық ұйым халықаралық JCI аккредитациясына ие. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған медициналық туризмді дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленуде», - деді Ербол Мырзабосынов бүгінгі Үкімет отырысында.