Құны – 1,5 млрд теңге: Алматы облысында 90 кг есірткі өндірген шетелдіктер 20 жылға сотталды
Алматы облысында трансұлттық қылмыстық тобының мүшелеріне қатысты үкім шығарылды
Алматы облысында синтетикалық есірткі заттарын өндірумен және өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы 7 шетел азаматы ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс прокуратурасының уйлестіруімен полиция қызметкерлері 3 жасырын есірткі зертханасын тапты. Тінту барысында заңсыз айналымнан 90 кг-дан астам дайын синтетикалық психотроптық заттар, 1 тоннадан астам прекурсорлар мен химиялық компоненттер, сондай-ақ оларды дайындауға арналған құрал-жабдықтар тәркіленді.
Мамандардың бағалауынша, тәркіленген заттардың «қара нарықтағы» құны 1,5 млрд теңгеден асады.
«Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарды ұсынды. Қылмыстық іс құжаттарын жан-жақты зерттеу нәтижесінде сот оларға 19 жылдан 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сотталғандарға тиесілі 3 тұрғын үй мен автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді. Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында есірткі құралдарының кең көлемде таралуына және қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндірген ұйымдасқан желінің қызметі тоқтатылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген прокуратураның хабарламасында.