Түркістан облысында камера арқылы полицияға саусағын шошайтқан жүргізушінің басы дауға қалды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Түркістан облысында тас жол камерасы ережені бұзған ерекше жағдайды тіркеп алды

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысында камера арқылы полицияға бейәдеп қылық көрсеткен жүргізушінің басы дауға қалып, ісі сотқа кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Hyundai жүргізушісі жолда келе жатып, көлік нөмірін шүберекпен жауып, бейнебақылаудан «жасырынбақ» болған. Оның бұл әрекеті мұнымен бітпеген: камера жанынан өткен сәтте ол бейнебақылау жүйесіне саусағын көрсетіп, «эмоционалды сәлем» жолдаған.

Полиция дерегінше, жүргізуші Қызылордадан Таразға бағыт алған. Кейін ол тез анықталып, көлігі тоқтатылған.

37 жастағы ер адамға қатысты нөмірді жасыру әрекеті бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.

Айта кетейік, Қазақстанда көлік нөмірін бейнебақылау камерасынан әдейі жасырғаны үшін жүргізуші куәлігіне бір жылға дейін айыру жазасы қарастырылған.