Өндірістік жарақат: Алматы облысында ер адамның қолын білегіне дейін жұлып кеткен
Ер адам мүгедек болып қалуына байланысты қымбат протезге мұқтаж
Алматы облысының Іле аудандық соты жұмыс барысында жарақат алған азаматтың жұмыс берушіні қажетті протезбен қамтамасыз ету туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотта белгілі болғандай, ер адам жұмыс барысында болған жазатайым оқиға салдарынан ауыр жарақат алған. Соның нәтижесінде оның қолы білегіне дейін кесіліп кеткен. Осыған байланысты ер адамға мүгедектік белгіленген.
Медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы азаматтың еңбекке қабілеттілігінен тұрақты айырылғанын, сондай-ақ оған тұрақты түрде протездеу мен оңалтудан өту қажеттігін растады.
«Сот жарақаттың еңбек міндетін орындау кезінде алынғанын және талапкердің өмір сүру сапасын қалпына келтіру мен қоғамға бейімделуі үшін жоғары технологиялық протезге мұқтаж екенін анықтады», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот шешімімен жауапкер серіктестік сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде «Республикалық протездік-ортопедиялық орталық» АҚ-мен микропроцессорлық басқаруы бар «Манифесто» протезін дайындау және сатып алу жөнінде келісімшарт жасауға міндеттелді. Протездің құны 28 606 425 теңгені құрайды.
Сот шешіміне сәйкес, компания протездің құнын ғана емес, сонымен қатар протездеу процесіне байланысты барлық қосымша шығынды, оның ішінде емделу және бейімделу кезеңінде пациенттің стационарда тұру шығындарын да өтеуге тиіс.
Сотта қабылданған шешім қызметкердің бұзылған құқығын қалпына келтіруге және оны медициналық әрі әлеуметтік оңалтудың қажетті құралдарымен қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Қазіргі уақытта сот актісі заңды күшіне енген.