Павлодар облысына биыл 3,4 мыңнан аса шетелдік келді: оның жартысынан көбі тұрақтап қалды

Автор: Асыл Арман

Қазақстанға келген шетел азаматтарының кейбір санаттары үшін жеңілдіктер қарастырылған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Павлодар облысына жыл басынан бері бірнеше мыңнан аса шетел азаматы келгені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облысына 2026 жылдың алғашқы бес айында ТМД елдерінен 2863 адам және алыс шетел мемлекеттерінен 557 адам келген. Келгендердің шамамен 2,3 мыңы өңірде еңбек қызметімен айналысуда, ал 567 адам отбасымен қауышу мақсатында келген. Сонымен қатар, өңірде шетелдіктердің болу тәртібін бұзу фактілері 789-дан 577-ге дейін азайған.

«Қазақстанда шетел азаматтарының тұрақты тұруға рұқсат алуына қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтілді. Бұрын өтініш берушіге елге келіп, тұрғылықты елінен алынған анықтамамен бірге стандартты құжаттар пакетін тапсырып, төлем қабілеттілігін растау жеткілікті болса, енді бұл рәсім электрондық порталға көшірілді. Сонымен қатар, үміткер отбасының әрбір мүшесіне шаққанда кемінде 85 мың теңге көлеміндегі табысын растауы тиіс. Ал төлем қабілеттілігі ретінде белгіленген 1320 АЕК немесе 5,7 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың бес жыл бойы тұрақты түрде сақталуы расталуы қажет. Осы мерзімнен кейін шетел азаматы азаматтық алуға үміткер бола алады», – дейді Павлодар облысы көші-қон полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Кузьменко

Іріктеу процесі толықтай цифрландырылып, электрондық порталмен біріктірілген. Өтініш беруші «Enbek migration» жүйесінде арнайы кестені толтырады. Сондай-ақ маңызды жаңашылдықтардың бірі – мемлекеттік тілді білу бойынша міндетті тестілеу енгізілуі. Тілдік білімін растау үшін үміткерге үш мүмкіндік беріледі.

Бұл шаралар көші-қон бақылауын автоматтандыруға және тұрақты резидент мәртебесін тек тұрақты табысы бар әрі Қазақстан қоғамына бейімделуге дайын азаматтардың алуына мүмкіндік береді.

Шетел азаматтарының кейбір санаттары үшін жеңілдіктер қарастырылған. Оларға инвесторлар, елде сұранысқа ие мамандық иелері, Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген тұлғалар, әрекетке қабілетсіз адамдар, кәмелетке толмағандар (егер ата-анасының бірі Қазақстанда тұрақты тұрса), сондай-ақ бұрынғы отандастар болып табылатын және отбасымен қауышу мақсатында келген 60 жастан асқан азаматтар (ата-аналар) жатады.