Қазақстанда қанша адам зейнетақы алады: Үкімет ресми хабарлама жариялады
Елімізде азаматтарды қолдаудың ауқымды жүйесі қалыптастырылды
Қазақстанда 2,5 миллионнан астам адам зейнетақы алады, 630 мыңнан аса көпбалалы отбасы жәрдемақымен қамтылған. Үкіметтің баспасөз қызметі осындай хабарлама жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті және әлеуметтік бағдарланған Қазақстан құру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында халықты қолдауға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Жаңа Конституцияда бекітілген әлеуметтік мемлекет қағидаттары азаматтардың барлық санатын – балалы отбасыларды, жастарды, мүгедектігі бар адамдарды, зейнеткерлерді, әлеуметтік сала қызметкерлерін және табысы төмен азаматтарды қамтитын нақты шешімдер арқылы жүзеге асырылып отыр.
«Бүгінде әлеуметтік қолдау ауқымы миллиондаған адамды және жүздеген миллиард теңгені қамтып отыр. 2,5 миллионнан астам адам зейнетақы алады, 630 мыңнан аса көпбалалы отбасы жәрдемақымен қамтылған, 544 мыңнан астам азамат мүгедектік бойынша қолдау алады, ауылдық жерлерде шамамен бір миллион тұрғын жаңа медициналық инфрақұрылымға қол жеткізді, ал білім беру гранттарының саны соңғы бес жылда 93 мыңнан астамға жетті. Бүгінде елімізде әлеуметтік қолдаудың көп деңгейлі жүйесі қалыптасқан. Ол тегін медициналық көмек, мемлекеттік жәрдемақылар, зейнетақымен қамсыздандыру, білім мен ғылымды қолдау, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған арнайы қорғау бағдарламаларын қамтиды», – делінген хабарламада.
Бұл шаралардың көпшілігі қаржыландыру көлемі жағынан да, қамтитын азаматтар саны жағынан да бұрын-соңды болмаған.