«Қазақстандағы тегін қызметтен басқа елдер табыс тауып отыр»: депутат елге кіретін туристердің көлігінен алым алуды ұсынды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Депутат мемлекеттік бюджетке шамамен 5 млрд теңге көлемінде қосымша түсім жасауға болады дейді 

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстан мен Қытай арасындағы автотуризмнің дамып жатқанын, алайда шетелден келген көліктерге қойылатын талаптарда айқын теңгерімсіздіктің байқалатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда тіркелген автокөлік Қытай аумағына кірген кезде бірқатар міндетті рәсімнен өтеді. Атап айтқанда, көлік уақытша кіру рәсімінен өтіп, жүргізушіге уақытша рұқсат беріледі, арнайы тіркеу мен нөмір рәсімделеді, сақтандыру жасалады. Сондай-ақ құжаттарды аудару, нотариалдық рәсімдер мен бақылау тетіктері қолданылады.

«Қазіргі мәліметтер бойынша, бір автокөлікке қатысты барлық рәсімдердің құны шамамен 8-9 мың юаньды құрайды. Бұл бүгінгі бағаммен шамамен 560 мың теңге. Яғни Қытай тарапы шетелдік көліктерді бақылап қана қоймай, осы рәсімдер арқылы ресми табыс та қалыптастырып отыр», – дейді депутат.

Ал Қазақстан аумағына кіретін шетелдік көліктерге қойылатын талаптар әлдеқайда жеңіл екенін айтқан мәжілісмен көп жағдайда рәсімдер уақытша кіруді рәсімдеумен ғана шектелетінін атап өтті.

Депутаттың келтірген дерегінде, соңғы бір жылда және биылғы жылдың алғашқы төрт айында Қазақстанға 8 мыңнан астам Қытай автокөлігі кірген.

Осыған байланысты депутат Қытайдың мемлекеттік нөмірлерін Қазақстанның фото және бейнетіркеу жүйелері толық тани ма, жол ережесін бұзған жағдайда айыппұлды қалай өндіріп алады, сақтандыру мен келтірілген залалды өтеу тетіктері қаншалықты тиімді деген сауал жолдады.

«Неге Қазақстан уақытша тіркеу, уақытша нөмір және әкімшілік алым енгізбейді? Шетелдік көліктерге қызмет көрсетуге, бақылауға, ІТ-инфрақұрылым мен әкімшілік рәсімдерге бюджеттен қанша қаражат жұмсалады? Неліктен Қазақстан бұл шығындарды іс жүзінде тегін көрсетеді, ал өзге мемлекеттер мұндай қызметтерден ресми табыс тауып отыр?» – делінген  депуттатық сауалда.

Мәжілісменнің пікірінше, егер Қазақстан да осыған ұқсас тәсілді қолданса, бюджет пен қызмет көрсетуші инфрақұрылымға шамамен 5 млрд теңге көлемінде қосымша түсім түсуі мүмкін.

Алайда депутат бұл бастама туризмді шектеуге бағытталмағанын да атап өтті.

«Әңгіме туризмді шектеу туралы емес. Әңгіме – тең құқықтық тәсіл, қауіпсіздік, бақылау және мемлекеттік шығындардың өтелуі туралы», – деді Болатбек Нәжметдинұлы.

Осыған байланысты ол Үкіметтен Қазақстан аумағына кіретін шетелдік автокөліктерге байланысты мемлекеттік шығындарға талдау жүргізуді, уақытша тіркеу, қауіпсіздік мақсатындағы уақытша нөмір мен әкімшілік алым енгізу мәселесін қарауды, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына Қытай тарапы қолданатын талаптарға сай келетін теңгерімді тәсіл әзірлеуді сұрады.