37 градус ыстық, жаңбыр, бұршақ, дауыл – алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы

Синоптиктер әр өңірдегі ауа райына болжам жасады

37 градус ыстық, жаңбыр, бұршақ, дауыл – алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК белсенді циклон Қазақстан аумағының басым бөлігіне әсер ететіні туралы болжам жасады. Алдағы күндері елімізде ауа райы тұрақсыз болады: жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, сондай-ақ бұршақ пен дауыл болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің болжамынша, 4 маусымда еліміздің батыс өңірлерінде, 4-5 маусымда солтүстік-батыс пен солтүстік аймақтарда, ал 6 маусымда республиканың оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Тек Қазақстанның шығысы мен оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

«Күндіз батыста, солтүстік-батыста және солтүстікте ауа температурасы +22...+30°С дейін көтеріледі. Солтүстік-шығыс пен шығыста ыстық ауа райы сақталып, ауа температурасы +30...+37°С дейін жоғарылайды», – делінген синоптиктер болжамында.

Ал республиканың оңтүстік-шығысында аптап ыстықтың аздап бәсеңдеуі күтіледі, мұнда ауа температурасы +25...+33°С шамасында болады.