«Алиментін азайтып, үйімізді тартып алмақшы»: желіде ҚМА қызметкеріне қатысты ақпарат тарады (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде құқық қорғау органының қызметкері формасымен түскен ер адамның видеосы жарияланды
Ажырасқаннан кейін өмірім күйзеліске түсумен өтіп жатыр. Құқық қорғау органында жұмыс істейтін күйеуім қысым жасап келеді. Астана қаласының тұрғыны Threds желісінде осындай жазба жариялап, көмек сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Желі қолданушысы экс-күйеуімен қарым-қатынасындағы қиындықтар туралы қозғап өтті.
«Сіздерден ақыл-кеңес пен қолдау күтемін. Экс-күйеуімнің басқа әйелі пайда болғаннан кейін айырылысып кеттік, олардың баласы бар. Ажырасқаннан кейін өмірім күнделікті күйзеліске түсумен өтті. Қазір ол сот арқылы алиментін азайтуды мақсат етіп отыр. Бірге өмір сүрген уақытта тапқан дүние-мүлкіміз де оған тыныштық берер емес. Бұл пәтерде біздің балаларымыз тұрады. Осының бәрімен жалғыз күресуге күшім де, денсаулығым да жетер емес. Моральды тұрғыдан да, физикалық жағынан да ауыр болып отыр», – деп жазды ол.
Желідегі жазбасында ол күйеуінің құқық қорғау органы формасындағы киімімен түскен видеосын жариялап, Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері екенін атап өтті.
Оқиғаға қатысты Астана қаласының Сарыарақ аудандық полиция басқармасы ресми түсініктеме берді:
«Сарыарқа ауданының полиция басқармасы бейнежазбаның 2023 жылы түсірілгенін анықтады. Аталған кезеңде құқық бұзушы отбасылық жанжал шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, сондай-ақ зардап шегуші тараптың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған», – делінген хабарламада.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігі видеодағы ер адам ведомство қызметкері емес екенін айтып, қысқа қайырды.
«Қаржылық мониторинг агенттігі аталған ер адам агенттіктің немесе оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкері емес екенін хабарлайды. Дәлелденбеген ақпараттарды жарияламауларыңызды өтінеміз», – дейді ҚМА.