Синоптиктер алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады
Қазақстанда алдағы үш күнде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады – жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамына сүйенсек, 2 маусым күні Павлодар облысында, 3 маусымда Атырау және Маңғыстау облыстарында, 3-4 маусымда Ақтөбе облысында, 4 маусымда Қостанай облысында қатты жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғуы мүмкін.
Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, ал оңтүстік-батыс пен оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы ықтимал.
«Күндізгі ауа температурасы батыста +23…+28°С-қа дейін жоғарылайды. Солтүстік-батыста ауа температурасы +13…+26°С-қа дейін төмендейді. Солтүстік өңірлерде +25…+32°С-қа дейін, республиканың орталығы мен шығысында +27…+36°С-қа дейін жоғарылайды. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде ауа температурасы сәл төмендеп, +25…+35°С шамасында болады», – делінген «Қазгидромет» болжамында.