Емханаларда балаларды қабылдаудың жаңа жүйесі енгізіледі — Ақмарал Әлназарова

Автор: Дәулет Ботагөз

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалпы практика дәрігерлерін даярлау тәжірибеге бағдарланған сипатқа ие болмақ

Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі балаларға медициналық көмек көрсетудің жаңа әрі гибридті моделін дайындап жатыр. Сәтті жоба педиатрлар мен жалпы тәжірибелі дәрігерлердің жұмысын біріктіруді көздейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер балаларға көрсетілетін медициналық көмекті әлдеқайда қолайлы әрі тиімді етуге бағытталған.

Жаңа жүйе бойынша педиатрлар негізгі назарын кішкентай сәбилерді бақылауға және күрделі ауру түрлерін емдеуге аударады. Ал емханалардағы пациенттердің негізгі ағымын жалпы тәжірибелі дәрігерлер қабылдауды жалғастыра береді.

«Бұл ретте біз жұмыстағы командалық тәсілді сақтап, педиатрлардың рөлін олардың біліктілігі ең қажетті тұстарда — баланың ерте жасында және күрделі дерттер кезінде күшейтеміз. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының бағдарламалары аясында да, медициналық ұйымдардың өзінде де жалпы тәжірибелі дәрігерлерді даярлау деңгейін арттырамыз», — деп түсіндірді Ақмарал Әлназарова.

Министрлік қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған педиатриялық учаскелердің жойылмайтынын баса айтты. Бүгінде елімізде 1 300-ге жуық педиатриялық учаске бар. Сондай-ақ педиатрлар үшін қосымша ынталандыру төлемдері мен қолдау шараларын енгізу жоспарлануда.

Жаңа жүйе жаппай іске қосылмас бұрын, халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, арнайы пилоттық жоба аясында тексерістен өтеді. Кадрларды даярлау мәселесіне де ерекше екпін қойылмақ. 

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жалпы практика дәрігерлерін даярлау тәжірибеге бағдарланған сипатқа ие болады. Білім беру үдерісіндегі негізгі назар стационарлардың клиникалық базаларынан медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына ауыстырылады. Өйткені болашақ мамандар халықпен жұмыс істеудің негізгі дағдыларын дәл осы деңгейде меңгереді.

Қазіргі таңда елімізде шамамен 7 миллион бала тұрады, бұл халықтың жалпы санының 34 пайызын құрайды. Соңғы он жылдың ішінде балалардың саны 1,5 миллион адамға артқан.