Жоба авторы Берік Аманжол бірнеше жыл бұрын зауытта инженер болып жұмыс істеген
Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық мектебінде еңбек ететін педагог Берік Аманжол домбыра тартуды үйретудің ерекше форматын ойлап тапты. Ол ешқандай музыкалық дайындығы жоқ жандарға аспаптың әліппесін меңгеруге көмектесетін цифрлық домбыра құрастырып, оған патент алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоба авторы Берік Аманжол бірнеше жыл бұрын зауытта инженер болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта ол мектепте сабақ береді және өзінің техникалық білімін білім беру жобаларында сәтті қолданып келеді. Осындай ізденістің нәтижесінде дәстүрлі аспап пен заманауи технология ұштасқан цифрлық домбыра дүниеге келді.
Аспапқа орнатылған жарық сигналдары күй тарту реттілігін көрсетіп тұрады, ал оқу жылдамдығын әр оқушы өзіне ыңғайлап реттей алады.
«Әрбір жарықдиод жеке пернеге жауап береді. Ішіне жарықдиодты басқаратын, сондай-ақ SD-картадағы бағдарламаланған дайын әуенді ойнататын микро-бақылау орнатылған. Домбыра алдымен сізбен амандасады, кейін пульт арқылы ішіндегі әуендерді таңдаймыз. Домбыра бойынша нұсқаулық беріліп, оқушы қай батырманың не үшін жауап беретінін көре алады. Бала жарықты қайталап отырып, автоматты түрде қай пернені басу керектігін саусақтарымен жаттап алады», — деді жоба авторы Берік Аманжол.
Бұл құрылғы домбыраны ешкімнің көмегінсіз, дербес үйренуге арналған. Жүйенің жадына халық күйлерінен бастап, танымал әуендер мен Мемлекеттік Әнұранға дейінгі туындылар енгізілген. Пайдаланушы сабақ қарқынын өзіне ыңғайлы темпте таңдай алады, ал бағдарлама оқушының қабілетіне қарай бейімделеді.
Жаңа әдіс мектеп оқушылары арасында үлкен қызығушылық тудырып үлгерген.
«Менің үйрене бастағаныма көп уақыт болған жоқ, бірақ қазірдің өзінде көптеген әуенді білемін. Бұл домбырамен ойнау өте ыңғайлы, себебі әр перне жанып тұрады, сен тек артынан қайталап отырасың», — дейді 9-сынып оқушысы Екатерина Сербина.
Инновациялық жобаның келесі даму кезеңі — оған жасанды интеллект технологиясын енгізу болмақ. ЖИ көмегімен жүйе тек аспапта ойнауды үйретіп қана қоймай, домбыраның шығу тарихын айтып, балалардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыра түседі.