Нұр-Сұлтанда 3 мыңнан астам бос жұмыс орны бар
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша қол еңбегіне сұраныс жоғары
Қаланың барлық тұрғындары мемлекеттік бағдарламаға тұрғылықты жері бойынша тіркеумен де, онсыз да қатыса алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтемғ жасап.
Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020-2021» бағдарламасы аясында 107 инфрақұрылым нысандарында жұмыстар жүргізілуде. Қол еңбегіне сұраныс жоғары.
«Жұмыс күшінің тапшылығы, мамандар жетіспеушілігі байқалуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқасында келісімге қол қойылды. Қазір жұмыспен қамту орталығы бізге дәнекерлеушілерді, электриктерді, жалпы жұмысшыларды жіберуде. Біз оларды осы бағдарлама бойынша жұмысқа аламыз», – дейді ASTI компаниясының инженері Руслан Зулпикаров.
Елордада «Жұмыспен қамтудың жол картасы» (ЖҚЖК) іске асырылуда. Бүгінгі таңда 3929 адам жұмыспен қамтылды. 94 ұйыммен ниет хаттамалары жасалды. Қазіргі уақытта ЖҚЖК-да 3 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.
Елорданың барлық тұрғындары тұрғылықты жері бойынша тіркеумен де, онсыз да ЖҚЖК мемлекеттік бағдарламасына қатыса алады. Анықтамалық ақпаратты бірыңғай байланыс орталығының 57 88 88 немесе 8776 146-28-62, 8747-108-21-96, 57-88-89, 72-93-62, 57-89-37 телефондары арқылы алуға болады.