Павлодарда екі адам бұзау ұрлаймын деп бес жылға сотталып кетті: көліктері тәркіленді

Автор: Асыл Арман

Оқиға биыл сәуір айында Новопокровка ауылында болған

Фото: istockphoto.com

Павлодар облысының Успен аудандық соты мал шаруашылығы базасынан мал ұрлады деп айыпталған екі адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта белгілі болғандай, 2026 жылдың сәуір айында сотталушылар Новопокровка ауылындағы мал шаруашылығы базасының аумағынан бұзаулар ұрлаған.

«Түнде олар база аумағына кіріп, симментал тұқымды үш күндік екі бұзауды ұрлап кеткен және кейіннен оларды Шарбақты ауданының тұрғынына сатып жіберген. Шығынның жалпы сомасы 300 мың теңгені құрады», – делінген сот хабарламасында.

Сот отырысында сотталушылар өз кінәларын толықтай мойындап, өкініш білдірді және шығынды толық көлемде ерікті түрде өтеді. Жәбірленуші тараптың өкілі жазаны соттың қарауына қалдыруды сұрады.

Жаза тағайындау кезінде сотталғандардың мойындағаны, шын жүректен өкінгені, бұрын сотталмағанын және шығынның толық өтелгенін ескерді. Сот үкімімен екеуі де кінәлі деп танылды. Әрқайсысына пробациялық бақылау орнатыла отырып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, қылмыс құралы ретінде пайдаланылған автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.