Қазақстан БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелеріне қатысты ескертпелерінен бас тартты

Автор: Аягөз Құрмаш

Қабылданған жаңа заң осы ескертпелерді алып тастауды көздейді

Фото: istockphoto.com

Қазақстан БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенциясына қатысты бұрын енген ескертпелерді алып тастайды. Тиісті заңды Мәжіліс мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әңгіме «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға Қазақстанның ескертпесі мен өтінішін алып тастау туралы» заң жобасы жайлы болып отыр.

Бұған дейін, 2020 жылы конвенция ратификацияланған кезде Қазақстан бірқатар шектеулер енгізген болатын. Атап айтқанда, ел азаматтарына қатысты артықшылықтар мен иммунитеттер қолданылмайтыны жазылған. Бұл шектеулер халықаралық дағдарыстар кезіндегі иммиграциялық рәсімдерге, шетел азаматтарын тіркеуге, валюталық жеңілдіктерге және репатриация тәртібіне қатысты болған.

Сонымен қатар Қазақстан «кедендік алымдар» ұғымын ұлттық заңнамаға сәйкес қолданатынын жеке атап өткен еді.

Алайда Біріккен Ұлттар Ұйымының 14 мамандандырылған мекемесі аталған ескертпелер мен мәлімдемелерге қарсы пікір білдірген. Соның салдарынан Конвенция Қазақстан аумағында толық күшіне енбей, оның қолданылуы шектеліп келген.

Қабылданған жаңа заң осы ескертпелерді алып тастауды көздейді. Бұл шешім Конвенцияның толық көлемде қолданылуына жол ашып, Қазақстандағы БҰҰ мамандандырылған мекемелерінің қызметі мен орналасуы үшін құқықтық негізді нығайтады.