Бірінші сатыдағы сот бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындап, рақымшылық қолданған
Түркия азаматы Алматыда өзінің компаниялары арқылы 1 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жазған. Ол мойнына алған жұмыстарды орындамаған және тауарларды жеткізбеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде ол пайда тауып, оны заңдастыру үшін Астанадан үй-жай сатып алып, жалға берген.
Бірінші сатыдағы сот бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындап, рақымшылық қолданған, алайда үй-жайды және оны жалға беруден түскен табысты міндетті түрде тәркілеу мәселесін шешпеген.
«Қассациялық наразылық бойынша жоғары саты соты сот актілерін өзгертті. Сотталғанға мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалып, үй-жайды және оны жалға беруден түскен табысты мемлекет меншігіне айналдырылды», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.