Қазақстанда заңсыз қоқыс орындарын жою тәртібі өзгереді
Жыл сайын атмосфераға шамамен 4 миллион тонна ластаушы зат төгіледі
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин экологиялық мәселелер жөніндегі заң жобасын таныстырып, құжат қоршаған ортаны қорғау жүйесіндегі бірқатар олқылықтарды жоюға бағытталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстанда жыл сайын атмосфераға шамамен 4 миллион тонна ластаушы зат төгіледі. Қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі 5 миллион тоннаға жетеді. Елдегі 2700-ден астам полигонның тек 20%-ы ғана санитарлық талаптарға сәйкес келеді», - деді Жаңбыршин.
Оның айтуынша, заң жобасы экологиялық заңнаманы жетілдіру, цифрлық шешімдерді енгізу және бақылау тетіктерін күшейту мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленген.
Заң жобасындағы негізгі өзгерістердің бірі – қоршаған орта мен табиғи ресурстар туралы мәліметтерді бірыңғай цифрлық базаға жинақтау. Енді эмиссиялар мониторингі мен өндірістік экологиялық бақылау деректері ұлттық деректер банкіне енеді.
Сондай-ақ құжатта көміртектік офсеттер жүйесін енгізу қарастырылған. Бұл бизнеске орман отырғызу және тозған жерлерді қалпына келтіру жобаларына инвестиция салуға мүмкіндік береді.
«Бұл – Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш егу жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған нақты тетік», - деді депутат.
Бұдан бөлек, заң жобасы заңсыз қоқыс орындарын жоюға қатысты жауапкершілікті жергілікті атқарушы органдарға беруді ұсынады. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен сұрыптауға арналған тарифтерді де өңірлердің өздері бекітеді.
Жаңбыршин «Қазгидромет» қызметін реформалау мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, ауа райы болжамдары мен стратегиялық маңызды қызметтер мемлекет құзырында қалады, ал ғылыми-зерттеу және арнайы ақпараттық қызметтер бәсекелі ортаға беріледі.
Сонымен қатар заң жобасында нормадан тыс шығарындылар үшін жауапкершілік кезеңін нақтылау ұсынылған. Бұл ірі кәсіпорындардың құқықтық олқылықтарды пайдаланып, айыппұлдарды даулауының алдын алуға мүмкіндік береді.
Құжатта қайта өңделген шикізатты пайдаланатын отандық өндірушілерді қолдау шаралары да қарастырылған. Егер өндірушілер қайта өңделген шикізаттың кемінде 30%-ын қолданса, олар өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері талаптарынан босатылуы мүмкін.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы экология саласындағы жауапкершілікті күшейтіп, мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тиімді диалог қалыптастыруға бағытталған.
«Табиғатқа жауапкершілікпен қарағандарға қолдау болады, ал қоршаған ортаны ластағандарға бұлтартпас жауапкершілік жүктеледі», - деді Жаңбыршин.