ITB China 2026: елорданың туристік әлеуеті халықаралық көрмеде таныстырылды

Автор: Дәулет Ботагөз

2025 жылдың қорытындысы бойынша елордаға 1,6 миллионнан астам турист келген

Фото: қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Астана өзінің туристік мүмкіндіктерін Шанхай қаласында өтіп жатқан ITB China 2026 халықаралық B2B көрмесінде паш етуде. Аталған шара 26-28 мамыр аралығында өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ITB China 2026 – Қытай нарығына бағытталған, ішкі және сыртқы туризмді дамытуды көздейтін әлемдік деңгейдегі негізгі кәсіби алаңдардың бірі. Көрмеде Астана қаласы қарқынды дамып келе жатқан халықаралық туристік бағыт ретінде таныстырылуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша елордаға 1,6 миллионнан астам турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7% жоғары. Қалаға келетін саяхатшылардың негізгі бөлігін Қытай, Түркия, Ресей, Германия және АҚШ-тан келген қонақтар құрайды.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта Астанада халықаралық желілерді қоса алғанда 310-нан астам қонақүй және 2 255 қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді. Оның ішінде 525-і ірі мейрамхана.

Әкімдік өкілдері қалада қонақүй және мейрамхана секторы тұрақты дамып, қызмет көрсету сапасы халықаралық стандарттарға сай артып келе жатқанын алға тартты. Елордада іскерлік туризм сегментін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2025 жылы Астанада 190-ға жуық халықаралық іс-шара өтті. Оған жалпы саны 150 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл көрсеткіш Астананың өңірлік іскерлік туризм орталығы ретіндегі позициясын нығайта түседі.

Шанхайдағы көрмеге Астананың атынан Air Astana, Luxury Services Kazakhstan, Shef Tour, Beijing Palace Soluxe Hotel және өзге де жетекші туристік және қонақүй компаниялары қатысуда. Елордалық делегация халықаралық туроператорлармен 100-ден астам B2B кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

«Астананың бұл көрмеге қатысуы елорда брендін Азия нарығында бәсекеге қабілетті туристік және іскерлік бағыт ретінде одан әрі нығайтуды көздейді», — деп атап өтті Astana Tourism туризмді дамыту орталығының басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ибраев.