«Тек Алматыда 5176 студент қалды»: Саясат Нұрбек Қазақстан бойынша жатақхана тапшылығын жойдым дейді
Басқа қалаларда орын тапшылығы жойылған
Субсидиялау тетігін енгізу және белсенді құрылыс жұмыстары елдегі жатақхана тапшылығы мәселесін іс жүзінде толық шешуге мүмкіндік берді. Бұл жайлы үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, 2022 жылы Қазақстанда 82 мыңнан астам студентке жатақханадан орын табылмайтын еді. Бұл цифрды бірнеше есе азайттық деген министр қазір Алматы қаласында 5 мың студентке ғана орын тапшы дегенді алға тартты.
Ал, басқа өңірлерде, соның ішінде Астана сияқты ірі қалада жатақхана тапшылығы жойылған көрінеді.
«Жатақханалар бойынша өте үлкен жұмыс істедік. Барлық қалада, тіпті Астанада да тапшылықты жаптық. Қазір тек Алматы қаласында 5 176 төсек-орын тапшылығы қалды. Биыл жылдың соңына дейін 10 мың орындық шамамен 20 жатақхананы пайдалануға береміз», – деді министр.