Елордада 341 студент қатысқан WorldSkills Astana-2026 чемпионатының жеңімпаздары марапатталды

Автор: Темірхан Айжан

IT, инженерия, құрылыс, сервис, дизайн, педагогика, өндіріс және инновациялық технологиялар бағыттары бойынша үздіктер анықталды 

Фото: Azattyq Rýhy

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында Астана қаласының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында өткен WorldSkills Astana-2026 кәсіби шеберлік чемпионатының салтанатты жабылу рәсімі өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Чемпионат 16-23 мамыр аралығында елордалық колледждердің 17 алаңында және әлеуметтік серіктестер базасында 55 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы Нұржан Уәлиев аталған алаң жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және кәсіптік білім сапасын көтеруге септігін тигізетінін атап өтті.

«Биылғы чемпионатқа 341 студент қатысып, өздерінің кәсіби білімі мен практикалық шеберлігін жоғары деңгейде көрсетті. Қатысушылардың жұмыстарын 291 сарапшы және 45 тәуелсіз сарапшы бағалады. Чемпионат ашық, әділ және халықаралық стандарттарға сай өтті. Құрметті қатысушылар, сіздер бүгін тек жүлде үшін емес, өз болашақтарыңыз үшін сынға түстіңіздер. Алдағы уақытта біздің жеңімпаздар республикалық және халықаралық чемпионаттарда Астана қаласының намысын қорғайды деп сенемін. Барлығыңызға сәттілік тілеймін», - деді ол.

Чемпионат барысында IT, инженерия, құрылыс, сервис, дизайн, педагогика, өндіріс және инновациялық технологиялар бағыттары бойынша үздік нәтижелер анықталды. Қатысушылар 96 алтын, 61 күміс, 55 қола медаль және 61 медальонды иеленді.

Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Ақзира Қасымова қатысушыларды құттықтап, марапаттау рәсімінде сөз алды.

«Біз 2014 жылдан бастап WorldSkills қозғалысының мүшесіміз, ал 2016 жылдан бастап EuroSkills қозғалысына да қатысып келеміз. Осы уақыт аралығында елімізде, әсіресе техникалық және кәсіптік білім беру саласында, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді деп айтуға болады. Қадам-қадаммен алға жылжи отырып, еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлап жатырмыз. Бұл жерде ең басты рөлді әрине ұстаздар мен студенттер атқарып келеді. Қазіргі таңда оқу бағдарламаларының шамамен 60 пайызы халықаралық стандарттарға сәйкес енгізіліп отыр. Осылайша жұмысшы мамандықтарының дамуына және жастардың кәсіби дағдыларын арттыруға мүмкіндік алып отырмыз», - деді ол.

WorldSkills Astana - 2026 қалалық чемпионаты аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларға арналған «Abilympics» және «DeafSkills» чемпионаттары өткізілді. Бұл бағыттарға барлығы 22 қатысушы қатыстқан. Ал DeafSkills аясында «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша 5 қатысушы қатысты.

Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне арналған «BalaSkills» чемпионаты ұйымдастырылып, үш бағыт: Bala-дизайнер, Bala-аспаз және Bala-робот құрастырушы бойынша 21 бала қатысты.

3-4 сынып оқушылары арасында өткен «DaraSkills» чемпионаты 4 құзыреттілікті қамтыды: жас дизайнер, жас аспаз, жас өнертапқыш және жас робототехник. Оған 53 оқушы қатысты.

Ал орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасында өткен «JasSkills» чемпионаты 10 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, аспаз ісі, веб-дизайн және әзірлеу, графикалық дизайн, электрмонтаж жұмыстары, шаштараз өнері, сән технологиясы, мобильді робототехника, наубайшылық, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану және мобилография бағыттары қамтылды. Чемпионатқа жалпы 127 оқушы қатысты.

Жарыс оқушылардың мамандық таңдауына көмектесіп, практикалық дағдыларын шыңдады. Қатысушылар еңбек нарығында қандай мамандар керек екенін біліп, өз қабілеттерін сынап көрді. Енді аймақтық кезеңнің жеңімпаздары Астана қаласының намысын республикалық және халықаралық деңгейлерде қорғайтын болады.