Павлодар облысында жер сілкінді: қуаты 4,5 баллға жеткен

Автор: Асыл Арман

Жерасты дүмпуінің эпицентрі Павлодардан оңтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан

Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында жер сілкініп, оның қуаты 4,5 баллға жеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмикалық станциялар желісі 26 мамыр күні Астана уақыты бойынша сағат 11:28-де жер сілкінісін тіркеді.

«Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 855 км. жерде Павлодар облысында орналасқан. Жер сілкінісінің координаттары: 50.47 с.е. 76.47 ш.б Тереңдігі – 30 км. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 10.7.  Жер сілкінісінің қуаты Баянауыл ауданы, Баянауыл ауылында 2 балл болды», – деп хабарлайды ҚР ТЖМ.

Ал Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметіне сүйенсек, жер асты дүмпуінің магнитудасы 4,5 баллды құраған. Оның эпицентрі Екібастұздан оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым жерде және Павлодардан оңтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан.