Ұрланған малды жеңіл көліктің багажына салып алған
ШҚО-да ер адам көршісінің төрт қойын ұрлап алып бара жатқан жерінен қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Майқапшағай-Зайсан тасжолында 43 жастағы ер адам жүргізген Mitsubishi Galant маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлікті тексеру барысында салоннан ілеспе құжаттары жоқ төрт бас ұсақ мал табылды.
Тексеру нәтижесінде аталған малдың жергілікті тұрғыннан ұрланғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті малды кейіннен сату мақсатында алып кетпек болған, алайда полиция қызметкерлерімен ұсталды.
«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ұрланған мал тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Полиция қызметкерлері ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне қауіпсіздік шараларын күшейтуді ескертеді. Малды қараусыз еркін жайылымда қалдырмау және жоғалу немесе ұрлық фактілері туралы «102» арнасына дер кезінде хабарлау қажет», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.