«Форматы өзгермеді»: биыл ҰБТ тапсыруға 239 мыңнан астам адам тіркелген

Автор: Аягөз Құрмаш

Қазірге дейін 80 мыңнан астам түлек тест тапсырып үлгерген

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысында биыл неше түлек  ҰБТ тапсыратынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«ҰБТ-ға қатысу үшін 239 мыңнан астам адам тіркелді, оның ішінде колледж түлектері мен өткен жылдардың мектеп бітірушілері де бар. Осының ішінде, шамамен 200 мың бала – биыл мектеп бітірген түлектер. Барлық өңірде жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдары, жоғары оқу орындары мен білім басқармалары қатысатын мемлекеттік комиссиялар құрылды. Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтіп жатыр», - деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз сақталды.

«Талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижемен қатыса алады. Тестілеу аяқталғаннан кейін қатысушылар дұрыс және қате жауаптар туралы ақпаратпен қатар, нәтижелердің толық талдауын алады. Бүгінгі таңда тестілеуден 80 мыңнан астам адам өтті. ҰБТ-ның жоғары әлеуметтік маңызын ескере отырып, әкімдіктер мен мемлекеттік органдардан тестілеу толық аяқталғанға дейін барлық қажетті шаралардың тұрақты үйлестірілуін қамтамасыз етуді сұраймыз», - деді министр.