«BIR TOLQYNDA» – Қостанайда: «AMANAT» жастармен ЖИ және жаңа мүмкіндіктер туралы әңгімелесті

Кездесуде студенттер жасанды интеллект, цифрландыру, еңбек нарығы және жастардың ел өміріндегі рөлі туралы ашық пікір алмасты

«BIR TOLQYNDA» – Қостанайда: «AMANAT» жастармен ЖИ және жаңа мүмкіндіктер туралы әңгімелесті
Фото: «AMANAT» партиясы баспасөз қызметі

Қостанай облысында М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университеті базасында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «BIR TOLQYNDA» жобасы аясында кездесу өтті. Оның барысында 200-ге жуық студент ел болашағы, технологиялар және жастардың қоғам өміріндегі рөлі туралы ашық пікір алмасты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуге «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева, Qostanai Hub директоры Дамир Мнайдаров және А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Жастар саясаты басқармасының жетекшісі Диана Ракпанова қатысты.

Партия хатшысы Александр Даниловтың айтуынша, жобаның басты мақсаты – жастармен ашық пікір алмасу және олардың қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты көзқарастарын талқылау.

«AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты өскелең ұрпаққа арналған жобаларды жаңа форматта дамыту ісін жалғастырып келеді. «BIR TOLQYNDA» алаңы тек жастардың пікірін тыңдауға ғана емес, олардың бастамаларына нақты қолдау көрсетуге бағытталып отыр. Жастар тек идея ұсынып қана қоймай, оны жүзеге асыра алатын орта қалыптастыруға ұмтыламыз. Бүгінде белсенді, білімді әрі жауапты жастардың рөлі айрықша маңызды. Сондықтан еліміздің барлық өңіріндегі жастардың үнін есту, олардың ұсыныстары мен мәселелерін ескеру маңызды. Осындай ашық кездесулер жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, олардың қоғамдық-саяси өмірге араласу деңгейін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Александр Данилов.

Кездесу барысында жастардың саяси белсенділігі, цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктері, қазіргі еңбек нарығының жаңа талаптары және жастардың қоғамдағы рөлі кеңінен талқыланды. Сондай-ақ жастардың елдің саяси өміріне араласу мәселесіне ерекше назар аударылды: студенттер өз азаматтық ұстанымын қалыптастыру кезінде қандай критерийлерді ескеру қажет екенін, сондай-ақ сенімді әрі конструктивті қоғамдық бірлестіктер мен саяси партияларды қалай анықтауға болатынын сұрады.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева жаңа технологияларды тиімді әрі жауапкершілікпен пайдаланудың маңызын атап өтті.

«Бүгінде цифрлық технологиялар өмірдің барлық саласына еніп жатыр. Жасанды интеллект – енді жай ғана тренд емес, болашақтың нақты құралы. Сондықтан жастар қауымы жаңа технологияларды пайдаланумен шектелмей, оларды дамыта алатын маман болуы маңызды. Қазіргі еңбек нарығында технологиялармен жұмыс істей алатын креативті жастар ерекше сұранысқа ие», – деді Мәжіліс депутаты.

Qostanai Hub директоры Дамир Мнайдаров жастарға IT және стартап саласындағы мүмкіндіктер туралы айтып, өңірде жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобаларға тоқталды. Ол технология саласында жетістікке жету үшін үнемі өзін-өзі дамыту, жаңа білім іздеу және практикалық тәжірибе жинаудың маңызын атап өтті.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Жастар саясаты басқармасының жетекшісі Диана Ракпанова студенттік жылдарда берілетін мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың маңызы туралы айтты.

«BIR TOLQYNDA» жобасы аясындағы кездесулер еліміздің бірнеше өңірінде өтті. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық аймағында жалғасын табады. Соның нәтижесінде білім алмасу, бастамаларды дамыту және жаңа жобаларды қолдау мақсатында белсенді жастарды біріктіретін тұрақты білім беру қауымдастығы құрылады.