Екі жылдық күнәні жоятын ораза: Арапа күні қандай ізгі амалдар жасаған абзал

Автор: Аягөз Құрмаш

Биыл Арапа күні 26 мамырға сәйкес келеді, ал 27 мамыр – Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Құрбан айттан бір күн бұрын мұсылман қауым Арапа күнін мерекелейді. Биыл қасиетті күн 26 мамырға дөп түсіп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Арапа сөзі арабтың «ъарафа», яғни «білу, анықтау, түсіну» мағынасына сай келеді. Бізде оны қарияларымыз «Қарапа» деп атап кеткен. Зұлхижжа айынының тоғызыншы күні, күллі мұсылман жұртының мейрамы Құрбан айттың алдындағы күн және күндердің ең қадірлісі.

Қазақ халқы бұл күнді әуелден қадірлеп, құрметтей білген. Арапа күні Құрбан айт мерекесіне ерекше дайындық жасап, марқұмдарға дұға бағыштап, бір-біріне қонаққа барып, ұлық мейрамның келгеніне қуанған.

Бұл күні бес парыздың бірі, қажылық парызын өтеу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен қасиетті Мекке шаһарына жиналған қажылар Арафат тауында тұрып, Аллаға мінәжат етеді. Ал қажылыққа бара алмаған адам, бұл күнді құрмет тұтып, құлағына, көзіне және тіліне ие болып, тәшриқ тәкбірін айтып, ораза ұстап, дұға және тәубе жасап, кешірім тілеумен өткізеді.

Биыл Арапа күні 26 мамырға сәйкес келеді. Ал 27 мамыр – Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні.

Арапа күні қандай ізгі амалдар жасаған дұрыс?

Арапа күнін құрметтеу

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Арапа күнін құрметтеңдер! Өйткені Арапа – Алла Тағала қадірлеген күн» деген.

Тәшриқ тәкбірін айту

Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі парыз намаздардан кейін тәшриқ тәкбірі айтылады. Ерлер дауыстап, әйелдер іштей оқиды.

Ораза ұстау

Арапа күні ораза ұстау – сүннет амалдардың бірі. Хадистерде бұл күнгі оразаның сауабы өте мол екені айтылған. Пайғамбарымыз «Арапа күні ұсталған ораза өткен және келер жылдың (2 жылдық) күнәларының кешірілуіне себеп болады» деген.

Дұға жасау

Арапа күні – дұғаның қабыл болатын ерекше сәттерінің бірі. Сондықтан бұл күні еліміздің, жеріміздің, отбасымыздың амандығын тілеп, шын жүректен дұға жасаған абзал.

Тәубе ету

Арапа күні – Алланың мейірімі мен кешірімі молынан төгілетін күн. Сондықтан әр мұсылман жасаған қателіктері үшін тәубе етіп, кешірім сұрауға тырысуы керек.

Кешірімді болу

Кешірім – имандылықтың белгісі. Бұл күні ренжіскен жандармен татуласып, айналамыздағы адамдарды кешіре білу де үлкен сауапқа жетелейді.

Арапа күні қандай шектеулер бар

Арапа күніндегі оразаның рухани мәнін толық сезіну үшін мұсылман адам тек сыртқы емес, ішкі әдеп қағидаларын да сақтауы қажет.

  • дұға мен зікірді көп айту. Діни еңбектерде бұл күні жасалған дұғалардың қабыл болу ықтималдығы жоғары екені айтылады. Әсіресе, тәухид сөздерін жиі қайталау абзал;
  • садақа беру. Арапа күні мұқтаж жандарға көмек көрсету – сауапты еселейтін ізгі амалдардың бірі;
  • тәубе ету. Бұл күн қателіктерді түзеп, ренжіскен адамдармен татуласуға және шынайы өкініш білдіруге ең қолайлы уақыт саналады.

Ораза кезінде тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, рухани тәртіп те маңызды. Мұсылмандар ғайбат айту, өсек тарату, өтірік сөйлеу, балағат сөз қолдану және бос даулардан аулақ болуы қажет. Себебі мұндай әрекеттер оразаның рухани сауабын азайтуы мүмкін.

Сонымен қатар сабыр сақтап, ашуды тежеп, айналадағы адамдарға мейірім мен түсіністік таныту маңызды. Бұл күндері ойын-сауық пен әлеуметтік желілерге кететін уақытты азайтып, Құран оқуға, дұға жасауға және рухани дамуға көбірек көңіл бөлген жөн.