Қазірдің өзінде 125 метрге жуық жер мен бес бірдей корпусты су шайып кеткен
Жазғы туристік маусым қарсаңында Алакөлдегі демалыс орындарын су алу қаупі қайта күшейді. Жағалаудың шайылуы салдарынан туристік нысандар су астына кетіп жатыр. Кәсіпкерлер бірнеше жылдан бері жағаны өз қаражаттарына бекітуге мәжбүр екенін және әр маусым алдында бұған миллиондаған теңге жұмсағандарын айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Рассвет» демалыс орнының иесі бұл мәселенің тым ушығып кеткенін жеткізді. Соңғы жылдары қатты толқын нысан аумағының айтарлықтай бөлігін шайып кеткен. Қазірдің өзінде 125 метрге жуық жер мен 5 бірдей корпус су астында қалды.
«Әр көктем сайын жағалауды ұстап тұру үшін ғана бірнеше миллион теңге жұмсаймыз. Мен бұл бизнеспен 19 жылдан бері айналысып келемін. Бірақ соңғы 7–8 жылда маусымға дайындықты бөлмелерді жөндеуден емес, сумен күресуден бастауға мәжбүрміз», — дейді кәсіпкер.
Алакөлдегі жағалаудың шайылуы — көптен бері шешімін таппай келе жатқан түйткіл. Кейбір учаскеде су жылына 10 метрге дейін кіріп жатыр. Соңғы онжылдықта жекелеген аумақтарда көл деңгейі демалыс орындарына 150 метрге жуық жақындап кеткен.
Шипалы көлдің айналасында инфрақұрылымнан бөлек экологиялық мәселелер де өршіп тұр. Жақында Ақши ауылының тұрғындары көлге жақын маңнан қазылған үлкен шұңқырды байқаған. Туристер мен жергілікті жұрт бұл жердің іргесінде қоқыс үйінділері мен жағымсыз иістің пайда болуына түбегейлі қарсы.
Алакөл курорттық аумағының мәселесі мемлекеттік деңгейде де талай мәрте көтерілді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев демалыс орнының туристерді қабылдауға дайындық деңгейінің төмендігін қатты сынаған болатын. Президент инфрақұрылымның нашарлығына, сервистің төмендігіне және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты халық шағымына назар аударып, туристік нысандарды ретке келтіруді және салғырттық танытқан жауапты шенеуніктерді жауапқа тартуды тапсырған еді.